Дәстүрлі тамыз кеңесі
2017 жылдың 26 тамызында аудандық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі болып өтті. Өткен оқу жылының қорытындысына талдау жасай отырып, жаңа оқу жылында атқарылар міндеттерді айқындау мақсатындағы мұғалімдердің тамыз кеңесі «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 білімнің үлесі» тақырыбында өтті.
Тамыз кеңесі жұмысынааудан әкімі Досаев Қайрат Әскербекұлы, Жамбыл облыстық білім басқармасының бас маманы Суйманова Набира Қапарқызы, аудандық маслихат депутаттары, Шу қаласы және ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері, үкіметтік ұйымдар мен кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, мектептердің, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелердің басшылары, ардагер ұстаздар мен ата-аналар, білім қызметкерлері қатысты.
Жиынға қатысушылар алдымен ауданның білім саласындағы жетістіктері мен жаңалықтары туралы көрмемен танысты. Кеңесті білім бөлімі басшысы Базарова Майра Айдарбекқызы ашып, есептік баяндама жасады. Жетістіктер мен қоса кемшіліктерге де баса назар аударылған мазмұнды да мәнді баяндаманы жұрт ұйып тыңдады.
Жарыссөзге шыққан М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Әбенов Жасулан Әлкенұлы Рухани жаңғыруға, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге педагогикалық ұжымының қосып жатқан үлесі туралы сөйлесе, жаңартылған білім берудің дәстүрлі білім беруден ерекшелігі, оқытудағы тиімділігі, бағалаудың жаңа жүйесі туралы №40 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қайрақбаева Айнұр Серікқызы, үш тілділіктің болашақта енгізілу кезеңдері және оны оқушыларға меңгертудің мақсаты мен ерекшелігі туралы Жібек-жолы мектеп лицейінің физика пәнінің мұғалімі Жанкеева Баян Хамитжанқызы баяндап берді.
Тамыз кеңесінің құрметті қонағы Жамбыл облыстық білім басқармасының бас маманы Суйманова Набира Қапарқызы өз сөзінде жаңа оқу жылындағы енгізіліп жатқан жаңалықтармен таныстыра отырып, қамқоршылық кеңесінің ролі туралы айтып өтті.
Аудан әкімі Досаев Қайрат Әскербекұлы кеңеске қатысушыларды алдағы Білім және Ата заңымыз – Конститутция күнімен құттықтап, өз сөзінде «мектеп – білім ошағы ғана емес, сонымен бірге ақыл мен имандылық тәрбиесінің ұясы» - дей келе тәрбие мәселесіне кеңінен тоқталып, бірқатар тапсырмалар да берді.
Тамыз кеңесінің салтанатты бөлімі марапаттау рәсімінде ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамотасын, аудан әкімінің Құрмет грамотасын, алғыс хатын, «НұрОтан» партиясының алғыс хатын бірқатар білім беру қызметкерлеріне аудан әкімі Досаев Қайрат Әскербекұлы табыстады.